Былтырғы жылдың қорытынды көрсеткіші бойынша елімізге саяхаттаған шетелдік туристердің саны 835 мың адамға жетті.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Министрлік 2023 жылғы 9 айдың қорытындысын жариялап, шетелдік туристерді ең қөп қабылдаған ТОП-5 қаланы ұсынды.
Мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылғы алғашқы тоғыз айда Алматы қаласына 409 394 адам саяхаттап келген. Осылайша, Алматы қаласы шетелдік туристерді ең қөп қабылдайтын еліміздегі қалалардың көш басында тұр.
Алматы қаласы шетелдік туристерді өзінің сұлу табиғаты мен тау-шаңғы курорттарымен қызықтырады. Осы тұста, Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғы курортының әйгілі италиялық Condé Nast Traveller Italia басылымында әлем саяхатшылары міндетті түрде баруға тиіс ТОП-5 орын ретінде айтылғанын және америкалық New York Times нұсқасы бойынша Алматы қаласының 2024 жылы саяхаттауға ұсынылған 52 орын тізіміне енгенін айта кеткен жөн.
ҚР Туризм және спорт министрлігі ұсынған ТОП-5-те Астана қаласы екінші орында тұр. 2023 жылдың 9 айында Астанаға 220 000 шетелдік қонақ келген.
Үшінші орында Маңғыстау облысы орналасқан. Ақтауға былтырғы 9 айда 34 435 шетелдік саяхатшы келген.
Төртінші және бесінші орынға Атырау мен Шымкент қаласы табан тіреген. Атырау қаласына 24 431 шетелдік турист келген болса, Шымкент қаласына 20 837 шетелдік турист саяхаттаған.
Бүгінде Алматы қаласына шетелдік туристермен қатар еліміздің басқа өңірлерінен саяхаттаушылар саны да артып келеді. Алматы қаласы туризм басқармасының деректеріне сүйенсек, соңғы уақытта Алматыға келуші туристер санының динамикасы артқан.



















