Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Тегеранның әділ келісімге дайын екенін, алайда диктатураға бой алдырмайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Аббас Арақчи Russia Today телеарнасының Worlds Apart бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Арақчи сұхбатында ядролық келісім мен халықаралық қысымға қатысты Тегеранның қатаң ұстанымда екенін, алайда диалогқа ашықтығын қуаттады.
Аббас Арақчи Иранның дипломатиядан бас тартпайтынын, алайда өз мүдделеріне құрмет көрсетілуін талап ететінін айтып: “Біз келіссөздер арқылы қол жеткізілген әділ әрі теңгерімді келісімге дайынбыз. Алайда біз диктатураны қабылдамаймыз. Егер бізге өзара тиімді шешімге негізделген ұсыныс жасалса, оны қарастырамыз”,- деді.
Иран Сыртқы істер министрі 2025 жылғы тәжірибенің көңіл көншітпегенін өкінішпен еске алып, Тегеранның БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында snapback мәселесі бойынша келісімге келудегі талпыныстары Батыс тарапынан қабылданбағанын айтты.
Министр Арақчи Иран халқы өз құқықтарын қорғау үшін санкциялар мен жойқын соғыстың ауыртпалығын көтеріп, орасан зор құрбандықтарға барғанын еске салды. Ол Иран сенімді нығайтуға бағытталған міндеттемелерді нақты санкциялар алынған жағдайда ғана қайта орындауға дайын екенін атап айтты.


















