БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи телефон арқылы сұхбатта Батыс Азиядағы жағдай туралы пікір алмасты.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Арақчи сұхбат барысында Газа секторында жалғасып жатқан геноцид пен сионистік режимнің Ливандағы басқыншылығынан туындаған апатты жағдайға тоқталды.
Иран СІМ басшысы БҰҰ Бас хатшысынан Израильдің қылмыстары мен агрессиясын тоқтату және Ливан мен Газа секторына гуманитарлық көмек жіберу үшін БҰҰ-ның барлық әлеуетін пайдалануды сұрады.
Арақчи Иранның аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау қажеттігі туралы принципті ұстанымын қуаттап: «Ислам республикасы аймақтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға бар күш-жігерін жұмсап, сионистік режимнің кез келген авантюралық әрекетіне батыл жауап беруге дайын», -деді.
Иран Сыртқы істер министрі аймақтағы тұрақсыздықтың таралуының салдары үшін жауапкершілік осы режимге және оның басты қолдаушысы АҚШ-на жүктелетінін айтты.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Израильдің Газа секторы мен Ливанға жасаған шабуылдарынан кейінгі аймақтағы шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Гутерриш сонымен қатар соғысты тоқтату үшін саяси шешімге келу және Газа секторы мен Ливандағы соғыс салдарынан зардап шеккендер мен қоныс аударушыларға көмек көрсету қажеттігін баса айтты.


















