Қазақстандағы Иран Елшісі Али Акбар Джоукар бүгін, қарашаның 23 күні Алматы қаласындағы Иранның Бас консулы Мохсен Фағанимен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің мәдени ортақтастықтарын қуаттап, академиялық ынтымақтастықты, әсіресе Қазақстанда ирантану ғылымын, Иранда қазақстантану ғылымының негіздерін нығайту қажеттігін баса айтты.
Джоукар кездесудің басында екі елдің өткен отыз екі жыл ішіндегі жақсы байланысына тоқталып: «Парсы тілі мен қазақ тілінде ортақ сөздер өте көп. Екі ел қарым-қатынасының деңгейі тұрғысынан Қазақстандағы ирантану, Ирандағы қазақстантану ғылымдарының көлемі қабылдауға лайық емес. Екі тараптың көмегімен Иранда қазақстантану орталығын қайта аша аламыз. Мұнымен бір мезгілде университеттер арасында оқытушылармен алмасу үдерісі де белсендірек қолға алынса деген ұсыныс бар», — деді.
ҚазҰУ ректоры кездесуде екі елдің мәдени ортақтастықтарын растап, Ирандағы жеті университетпен байланыс орнатылғанын, университеттер арасындағы серіктестікті арттыруға әзір екендіктерін мәлімдеді.
Ж.Түймебаев: «Фарабитану саласында көбірек зерттеу жүргізу ұсынылады. Бұл ғалымның еңбектерін әртүрлі тілге аудара аламыз», — деді. Ол Иранның Ұлттық мұрағатының мүмкіндіктеріне тоқталып: «Мүмкін жағдайда Иранның Ұлттық мұрағатының мүмкіндіктерін Қазақстан туралы құжаттар мен жәдігерлерді жинауға пайдалануға болады», — деді.


















