Ауғанстан үкіметінің басшылығы Иран Президенті мен онымен бірге болған делегация мүшелерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты жеделхаттар жолдап, көңіл айтты.
Бұл туралы Еуразия Тудей агенттігі хабарлайды.
Хамид Карзай Сейед Ибраһим Раисидің, Хоссейн Амир Абдуллаһианның және серіктерінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Карзай Иран Ислам Республикасы бұл қиын кезеңді шыдамдылықпен еңсереді деген үмітін жеткізді.
Амир Хан Мутаки Иран Ислам Республикасының Президенті мен Сыртқы істер министрінің аймақтық ынтымақтастықты, әсіресе Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Атта Мухаммад Нур Сейед Ибраһим Раиси мен Амир Абдуллаһианның елі мен халқына қызмет еткен ең құрметті және ықпалды тұлғалардың бірі болғанын атады.
Абдулла Абдулла Иран Ислам Республикасының халқына көңіл айтып, осындай қайғылы жағдайдың орын алғанына қатты қайғыратынын жеткізді.
Премьер – министрдің міндетін атқарушы Мохаммад Хасан Ахунд: «Біз бұл қайғыны Иран елімен және оның халқымен бөлісеміз және қаза тапқандардың отбасыларына, Иранның халқы мен үкіметіне көңіл айтамыз»,-деді.
Сонымен қатар, Иран халқына көңіл айтып, қолдау білдіргендердің арасында Премьер-министрдің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маулави Абдул Кабир да бар. Ол Ауғанстанның осындай қайғылы оқиғада достық және бауырлас Иран Ислам Республикасының жанында екенін айтты.
Абдул Салам Ханафи Ибраһим Раиси мен оның делегациясының қаза болуына байланысты көңіл айтып, Иран президентінің, Сыртқы істер министрінің және делегация мүшелерінің өмірден өтуі ауыр қайғы екенін атап өтті.
Ашраф Ғани Сейед Ибраһим Раисидің, Амир Абдуллаһианның және оның серіктерінің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап: «Раисидің Иранның жаңа президенті ретіндегі инаугурация рәсіміндегі кездесуімде мен оны көрнекті қайраткер, Иран мүдделерінің қорғаушысы екеніне көзім жетті. Оның аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы саясаты жалғасады және оның өмірден өтуі аймақтағы жағдайға теріс әсер етпейді деп үміттенемін», деді.
«Талибан» қозғалысының өкілі Анас Хаккани де өз жолдауында: «Ауғанстан Ислам Әмірлігі мен барлық ауғандықтар бұл қайғылы оқиғаға қатты қайғыра, Иран үкіметі мен халқына көңіл айтады», — деп жазды.
Ауғанстанның шиит ғалымдар кеңесі Иран Ислам Республикасының жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиге, Иран халқы мен үкіметіне, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Ауғанстан Сенатының бұрынғы спикері Фазал Хади Муслим: «Иран Президенті Сейед Ибраһим Раисидің қайтыс болғанына өкінемін. Мен Президент және оның серіктерінің қайтыс болуына байланысты отбасыларына, жақындарына және Иран халқына көңіл айтамын», деді.
«Талибан» үкіметінің Экономика министрінің орынбасары Абдул Латиф Назари бұл қайғылы оқиғаға көңіл айтып, Раиси мырзаның үкіметі Ауғанстан үкіметімен ауқымды экономикалық және сауда қатынастарын орнатудағы ең табысты үкіметтердің бірі болғанын атады.


















