Ауғанстанның Дайкунди провинциясының бейбіт тұрғындарына жасалған қарулы шабуылдың жауапкершілігін ДАИШ тобы өз мойнына алды.
Еуразия Тудейдің Amu TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ауғанстанның орталығындағы Дайкунди провинциясының бейбіт тұрғындарына жасалған шабуылды ДАИШ тобы жасағаны белгілі болды.
12 қыркүйек күні орын алған шабуыл салдарынан 15 бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы алты адам жараланды. ДАИШ тобы кеше, бейсенбі күні бейбіт тұрғындарға жасалған қарулы шабуылға жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін БАҚ Дайкунди және Гор провинцияларының шекарасына жақын жердегі асу маңында орналасқан ауыл тұрғындарына белгісіз содырлардың шабуыл жасағанын, салдарынан 14 адам қаза тауып, төрт бейбіт тұрғынның жараланғанын хабарлаған болатын. Дайкунди провинциясындағы дереккөзінің мәліметінше, шабуыл жергілікті тұрғындардың Кербала қаласынан оралған қажыларды қарсы алуға шыққан кезде жасалған.
«Талибан» қозғалысы бұл оқиғаға қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.



















