Ресей газы Иранға Әзірбайжан арқылы 2025 жылдан бастап жеткізіледі.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Ресейдің Энергетика министрі Сергей Цивилев Ресей мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 18-ші отырысында мәлімдеді: “Биыл бұл жобаның алғашқы бөлігі жүзеге асырылып, Иранға 1,8 миллиард текше метрге дейін газ жеткізу жоспарланған.
Қазір компаниялар бағаны белгілеу мәселесін талқылап жатыр. Біз компаниялар арасындағы сауда қарым-қатынасына араласпаймыз. Компаниялар оңтайлы бағаны белгілеумен айналысуда”, — деді.
Иранның Мұнай министрі Моһсен Пакнежад қазіргі уақытта келісімді мүмкіндігінше тезірек үйлестіруге тырысып жатқанын қуаттады.
Ресейдің Энергетика министрі Сергей Цивилев қаңтар айында Мәскеу мен Тегеранның Ресей газын Иранға Әзірбайжан арқылы жеткізу туралы келіскенін, келіссөздердің соңғы кезеңде тұрғанын мәлімдеген болатын.


















