Дүниежүізілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Газа секторында әр 10 минут сайын бір бала қаза болып жатқанын мәлімдеді.
«Газа секторында 10 800-ден астам адам қаза тапты, олардың 70 пайызы әйелдер мен балалар. Шамамен әр 10 минут сайын бір бала ажал құшады», – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Дүниежүізілік денсаулық сақтау ұйымының басшысының айтуынша, Газадағы 36 аурухананың жартысы, алғашқы медициналық көмек орталықтарының 60 пайызы жұмыс істемейді.
«Науқастар аурухана дәліздерінде жатыр. Хирургиялық операциялар анестезиясыз жасалуда», — дейді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Айта кетсек, Палестинаның Денсаулық сақтау министрі Мэй Кайле мәліметінше, Газа секторындағы 36 аурухананың 20-сы жабылған. Үздіксіз шабуылдар медицина орталықтарының қызметіне кедергі келтіріп тұр. Мекемелер жұмысын жалғастыруы үшін жанар-жағармай, электр қуаты және құрал-жабдықтар қажет.



















