ДДСҰ бас хатшысы Тедрос Гебрейесус бейбітшілікті Газа секторындағы балалар үшін ең жақсы вакцина деп атады.
Еуразия Тудейдің Al Jazeera телеарнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, ДДСҰ бас хатшысы Тедрос Гебрейесус Газа секторындағы балалардың суреттерін жариялап, бүгінгі күні олардың өте қажет вакциналарды алып жатқанын хабарлады.
Тедрос Гебрейесус X парақшасында: «Газа секторындағы балалар полиомиелитке қарсы өте қажет вакциналарды алды. Дегенмен, балалар үшін ең жақсы вакцина — бейбітшілік», — деп жазды.
Бүгінде Газа секторында балалардың алғашқы тобы полиомиелитке қарсы вакцина ала бастады. ДДСҰ мәліметінше, екі кезең бойынша 10 жасқа дейінгі 640 мың бала полиомиелитке қарсы егіледі. Қазір 1,2 миллион доза вакцина қоймаға жеткізілген. Ұйым тағы 400 мың доза жеткізуді жоспарлап отыр.
Израиль полиемиелитке қарсы егу науқаны кезінде соғысты уақытша тоқтатып, үш күндік үзіліс жасауға келісті. ДДCҰ Газаның орталық бөлігіндегі Дейр-эль-Балахта вакцинация науқаны 4 қыркүйекке дейін жалғасатынын хабарлады. Бұған дейін ДДCҰ Газа секторында 10 айлық жаңа туған нәрестеден полиомиелит табылғанын мәлімдеді.
ДДСҰ мен ЮНИСЕФ бірлескен мәлімдеме жасап, Палестина аумағында балаларға көмек көрсетудің егжей-тегжейлі жоспарларын жасағанын, вакцинация науқандарының екі кезеңін өткізуге мүмкіндік беру үшін Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты тоқтатуды сұрады.



















