Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа қаласындағы Әл-Шифа ауруханасы тұрғындарды қабылдауға жарамсыз екенін мәлім етті.
Палестина ақпарат құралдарының мәліметінше, Газа қаласындағы Әл-Шифа ауруханасының электр қуаты толығымен үзілген.
ДДСҰ Газаның негізгі медициналық мекемесі Әл-Шифа ауруханасы ауыр әрі қауіпті жағдайда екенін ескертті, онда электр энергиясы толық сөндірілген, тағам мен су тапшы және тілшілермен де байланыс үзілген.
ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус аурухана маңында болған атыс пен жарылыстар онсыз да мүшкіл жағдайды ушықтырып жібергенін, енді Әл-Шифа аурухана ретінде қызмет көрсете алмайтынын хабарлады.
Газа Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ ұсынған жаңарған ақпаратқа сүйеніп әлі 2300 адам Әл-Шифа ауруханасында жатқанын хабарлады. Ауруханада 600-ден 650-ге дейін науқас, 200-ден 500-ге дейін медициналық қызметкер мен ғимаратты паналаған 1500-ге жуық адам бар.
Израиль президенті Исаак Герцог ғимараттың астында ХАМАС базасы орналасқан дейді, ал топтың өзі мұны жоққа шығарды.



















