Иран Омандағы келіссөздерде өз мүмкіндіктеріне оптимистік көзқараспен қарайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның діни жетекшісі аятолла Әли Хаменеи кеше, сейсенбі күні түстен кейін министрлер кабинетінің бір топ мүшесі, Ислам консультативтік кеңесінің өкілдері, жоғары лауазымды сот қызметкерлері және бірқатар мекеменің жауапты тұлғаларымен кездесуінде айтты.
Хаменеи кездесуде: “Омандағы келіссөздер Сыртқы істер министрлігінің ондаған міндетінің бірі болып табылады. Ел мәселесін келіссөздермен байланыстырмау керек.
Біз бұл келіссөздерге тым оптимистік немесе тым пессимистік көзқараста емеспіз.
Елдің келіссөздердегі шешімдері алғашқы кезеңде жақсы жүзеге асырылды.
Әрине, біз екінші тарапқа өте пессимистік, бірақ өз мүмкіндіктерімізге оптимистік көзқараспен қараймыз.
“Ортақ қадам” жан-жақты бағдарламасында жіберген қателігіміз бұл жерде қайталанбауы керек. “Ортақ қадам” жан-жақты бағдарламасы кезеңінде біз елді келіссөздерге тәуелді еттік. Инвестор елдің келіссөздерге тәуелді екенін көргенде инвестиция салмайды.
Елдің барлық саладағы мақсатына жетудегі ілгерілеуі жоғары қарқынмен жалғасуы керек. Келіссөздердің нәтижесіне ештеңе қатысты болмауы керек.
Еліміз өндіріске инвестиция салу арқылы көптеген мәселеден құтылады. Сондықтан Экономика министрлігі, Орталық банк және басқа да құзырлы мекемелер қоғамдағы капитал мен өтімділікті өндіріске инвестициялауға бағыттауы керек.
Инвестиция қауіпсіздігі де қамтамасыз етіліп, өндіріс саласындағы экономикалық белсенділердің қызметіндегі кедергілер жойылуы керек.
Ішкі инвестиция дамыса, шетелдік инвесторлар да Иранда жұмыс істеуге қызығушылық танытады.
Санкцияларды жою біздің қолымызда емес. Алайда, санкцияларды бейтараптандыру біздің қолымызда. Бұл үшін көптеген жол мен қолайлы ішкі мүмкіндіктер бар. Егер бұл мақсатқа қол жеткізілсе, ел санкцияларға ұшырамайды”,-деді.
Иранның діни жетекшісі аятолла Әли Хаменеи сөзінің соңында сионистік режимнің Газа секторындағы науқастарға, журналистерге, жедел жәрдем көліктеріне, ауруханаларға, балалар мен әйелдерге қасақана шабуыл жасаудағы бұрын-соңды болмаған қылмыстарына тоқталып: “Бұл қылмыстар ерекше қатыгездікті талап етеді. Мұндай қатыгездік басқыншы қылмыстық топтың бойында бар”,- деді.


















