Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибраһим Азизи келіссөз жүргізу шегіну дегенді білдірмейтінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибраһим Азизи кеше, жексенбі күні журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Ибраһим Азизи: “Кейбіреулер келіссөз жүргізуді шегіну ретінде қабылдайды. Бұл бұрыс көзқарас. Иран келіссөздерге барлық кезеңде мықты ұстаныммен қатысып, өзінің принциптерін ұстанатынын көрсетті. Алайда қарсы тарап өз міндеттемелерін бірнеше рет бұзды. АҚШ келіссөз үстелін өз мақсаттарын ілгерілету үшін қолданылатын құрал ретінде санайды. Диалогты жалғастыру қарсы тараптың келіссөз қағидаттарына адалдығына байланысты. Келіссөздердің жаңа кезеңінің нақты уақыты мен орны әлі белгісіз”, — деді.
Иран Мәжілісінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы уран байытудың Иран халқының даусыз құқығы екенін айтып, атом өнеркәсібін фармацевтика, медицина, ауыл шаруашылығы және зиянкестермен күрес сияқты салаларда қолданылатын өмірлік маңызды сала деп атады.


















