Иран Президентінің саяси істер жөніндегі орынбасары Мохаммад Джамшиди ИИР-дың BRICS-ке тұрақты мүше болып қосылғанын хабарлады.
Мохаммад Джамшиди әлеуметтік желідегі парақшасында: «ИИР BRICS-ке тұрақты мүше болып қосылды»,-деп жазды.
Иран Президентінің саяси істер жөніндегі орынбасары: «Жаһандық дамып келе жатқан экономикалар тобына тұрақты мүше болу – ИИР-дың сыртқы саясаты үшін тарихи даму әрі стратегиялық жетістік. Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі мен Иран халқын осы жетістікпен құттықтаймын»,-деді.
Сондай-ақ, Иран Президенті Ибраһим Раиси бейсенбі күні BRICS тобының 15-ші отырысы аясында Қытай Президенті Си Цзиньпинмен кездескен болатын. Кездесу барысында Қытай Президенті Иранды BRICS-ке тұрақты мүше болуымен құттықтап, Қытайдың екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және көпжақтылық үдерісін күшейту үшін түрлі платформаларда әріптестікті дамытуға дайын екендігін жеткізген еді.
Сонымен қатар Ибраһим Раиси жұма күні BRICS басшыларының 15-ші саммитінен оралғаннан кейін тілшілерге берген сұхбатында BRICS тобының әлемнің түрлі жерлерінде ықпалды мүшелері барына және олардың тұрғындар саны, ЖІӨ және территория тұрғысынан үлкен үлеске ие екеніне тоқталды. Раиси «BRICS мен ШЫҰ сияқты альянстар – біржақтылыққа түбегейлі қарсы, елдердің тәуелсіздігіне құрметпен қарай отырып, ұлттардың дамуы жолында ынтымақтастық пен интеграция жасау үшін құрылған жаңа ұйымдар»,-деді.


















