Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездеседі.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бірқатар келіссөз жүргізу мақсатында кеше, жексенбі күні Мәскеуге ресми сапармен келді. Бұл туралы Ресей Федерациясының ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрі АҚШ пен Израильдің Ислам Республикасы аумағына жасаған соққыларына байланысты аймақтық және халықаралық күн тәртібіне қатысты мәселелер бойынша Ресей басшысымен және жоғары лауазымды шенеуніктерімен кеңеседі.
Мұның алдында Аббас Арақчи Владимир Путинмен кездесуі 23-ші маусымға жоспарланғанын мәлімдеген болатын.
Иран СІМ басшысы Ресей мен Иран арасында стратегиялық әрептестік жөнінде келісім жасалғанын еске салып, Мәскеу мен Тегеран өзара кеңесті тұрақты өткізіп, өздерінің іс-әрекеттерін үйлестіріп отыратынын баса айтты.
Ресей Президенті осыған дейін Израильдің Иранды бомбалау мәселесіне қатысты ұстанымын нақты мәлімдеді. Ол Ислам республикасының азаматтық ядролық бағдарламаны дамытуға және ядролық технологияларын бейбіт мақсатта пайдалануға құқығы барын, АҚХА-де Иранның ядролық қару жасап жатқаны туралы деректер жоқ екенін айтты.
Сонымен қатар Путин Мәскеудің келісім аясындағы барлық міндеттемелерін орындап, Тегеранның бейбіт атомын қоса алғанда заңды мүдделерін қорғау ісінде қолдап отырғанын мәлімдеді.
Аббас Арақчидің Мәскеуге сапарына АҚШ Мемлекеттік хатшысы, Америка президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің міндетін атқарушы Марко Рубио пікір білдіріп, Иран Сыртқы істер министрінің Вашингтон эмиссарлары емес, Ресей басшысымен кездесуге бара жатқанына наразылық білдірді.


















