Ресей СІМ басшысының орынбасары Андрей Руденко Иран билігі қажет жағдайда Ресейге Дағыстандағы лаңкестік шабуылды тергеуге көмектесуге дайын екенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Андрей Руденко РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Ресей СІМ басшысының орынбасары Дағыстандағы оқиғаға байланысты: «Егер қажеттілік туындаса, Иран тарапы бізге қажетті көмек көрсететініне сенімдімін. Лаңкестікке қарсы өзара іс-қимылға келетін болсақ, ол арнаулы қызметтер бойынша да, Қауіпсіздік кеңесі бойынша да табысты дамуда», — деді.
Еске сала кетейік, 23 маусымда Дағыстанда белгісіз адамдар екі православие шіркеуіне, синагога мен жол полициясы бекетіне шабуыл жасады. Соңғы мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 15 полиция қызметкері мен 4 бейбіт тұрғын қаза тапты. Ауруханаға жатқызылған 16 адамның 13-і — полиция қызметкерлері.
Дағыстанда болған оқиғадан кейін Ресей тергеу комитеті оқиғаны лаңкестік фактісіне жатқызып, бірнеше қылмыстық іс қозғады.
Аймақта маусымның 24-25-26 қаралы күн деп жарияланды.


















