Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан 10-11 желтоқсан күндері Астанаға ресми сапармен келеді.
Еуразия Тудейдің Ақорданың Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл Масуд Пезешкианның Қазақстанға алғашқы сапары болмақ.
Сапар барысында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп, сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланады.
Мұның алдында Иран Президенті Масуд Пезешкианның Астанаға сапары туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Каспий жағалауындағы елдер губернаторларының Халықаралық саммитінде мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде де Пезешкианның Қазақстанға сапары барысында екі ел арасында экономика, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық туралы 20-дан астам құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.
Хатибзаденің айтуы бойынша, бұл сапар Иран мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту тұрғысынан маңызды.


















