Иран Сыртқы істер министрі Мароккода орын алған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың жанұяларына көңіл айтып, оқиға салдарынан зардап шеккендерге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хосейн Амир Абдуллахиян әлеуметтік желіде жойқын зілзаладан қаза тапқандарға байланысты Марокко халқы мен үкіметіне және елдің Сыртқы істер министрі Насер Буритаға көңіл айтты. Амир Абдуллахиян ИИР-дың зілзаладан зардап шеккендерге қызмет көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қыркүйек күні Марракеш қаласынан 80 шақырым жерде магнитудасы 6,9 балдық зілзала болды. Бұл-Марокко аумағында кейінгі 100 жылда тіркелген ең ірі апат. Жерасты дүмпуі корольдіктің бірнеше ірі қаласында, оның ішінде Агадир, Касабланка, Кенитра, Рабат, Эс-Сувейрада сезілген.
Қазіргі таңда материалдық шығын есептеліп, құтқару қызметі үйінділерді жинап жатыр.
Мароккода бұған дейінгі жойқын зілзала 2004 жылдың 24 ақпанында Әл-Хосейма провинциясында болды. Сол жылы магнитудасы 6,3 балдық жер сілкінісінен 628 адам қаза тапқан еді.



















