Иран Американың қоршауы тоқтатылғаннан кейін мұнай экспортын қайта жандандырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Вашингтон мен Тегеран АҚШ-тың әскери-теңіз қоршауын тоқтату туралы келісімге келгеннен кейін Иран соңғы екі айдағы алғашқы шикі мұнай партиясын сәтті экспорттады.
Бұл туралы теңіз тасымалын қадағалаумен айналысатын TankerTrackers компаниясы мәлімдеді.
Компанияның жерсерігі арқылы түсірілген суреттермен расталған мәліметтеріне қарағанда, Иранның мемлекеттік танкер компаниясына тиесілі екі супертанкер АҚШ-тың әскери-теңіз блокадасы сызығынан өтіп, шамамен 3,8 миллион баррель мұнай тасымалдаған.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Америка Құрама Штаттары Иранға мұнай саудасын дереу бастауға рұқсат бермек. Бұл қадам 19 маусымда Швейцарияда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін жүзеге асырылады. Санкциялардың күшін жою үдерісі саудаға қажет барлық саланы, соның ішінде банктік транзакцияларды, шикізат тасымалы мен сақтандыру қызметтерін қамтиды.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 15 маусым күні Иранмен келісімге қол қойылғанын және Ормұз бұғазында кеме қатынасы ішінара қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде кеме қозғалысы біртіндеп жандана бастаған. Бұғаз 19 маусымда толық ашылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізу кезеңінде 60 күндік жеңілдік мерзімін ұсынған болатын. Осы кезеңде Тегеран Ормұз бұғаз арқылы қауіпсіз өту үшін ешқандай ақы алмайды. Жаңа жоба аясында теңіз тасымалын басқару өкілеттігі Иран мен Оман арасында қайта бөлінеді, ал жеңілдік мерзімі аяқталған соң Иран тиісті төлемдерді жинау құқығына ие болады.


















