Иранның Ішкі істер министрі Ахмед Вахиди осы елде заңсыз жүрген шетел азаматтарының өз елдеріне қайтуы керек екенін қуаттады.
Иранның жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауы бойынша, Ішкі істер министрі Ахмед Вахиди Министрлер кабинетінің отырысы аясында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол: «Біз заңсыз жүрген шетел азаматтары елдеріне қайтып, қалғандары да ұйымдасқан бағдарлама бойынша өз елінің дамуы үшін жұмыс істеуі керек деп жариялаған болатынбыз», — деді.
«Миграциялық заңдарды өзгерту жоспарда бар ма?» деген сұраққа Ішкі істер министрі: «Ислам кеңесінде негізінен заңсыз азаматтармен күресу туралы заң жобасы бар», — деді.
Айта кетейік, осы елде шамамен 4 миллион 300 мың шетелдік бар. Олардың көпшілігі — Ауғанстан азаматтары.
Сонымен қатар Ирак, Пәкістан, Бахрейн мен тағы басқа елдердің азаматтары да бар. Жалпы алғанда, Иранда 80-ге жуық елден келген шетелдік азамат өмір сүруде. Ауған еместер Ирандағы барлық шетелдік азаматтың шамамен 10 пайызын құрайды.
Иранда заңсыз жүрген шетел азаматтарының саны 1 миллион 200 мыңға жуық. Бұл есеп Хормозган, Йезд, Исфахан, Тегеран және тағы басқа провинцияларда рұқсатсыз тұрып жатқан барлық шетел азаматтарын қамтиды.


















