Иран әрбір азаматының қазасы үшін америкалық әскери қызметкердің көзін жоюды көздейтін жаңа жауап қайтару қағидаты бекітілгенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Қарулы күштерінің Хатам әл-Анбия Орталық штабының қолбасшысы, генерал-майор Әли Абдоллаһи айтты.
Әли Абдоллаһи Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери қызметкерлерге қатаң ескерту жасап, Иран әскери басшылығы жауап қайтарудың жаңа қағидатын бекіткенін баса айтты. Бұл қағидатқа сәйкес, АҚШ шабуылдарының салдарынан қаза тапқан Ислам Республикасының әрбір азаматы үшін Иран күштері жауап ретінде АҚШ-ның бір әскери қызметкерінің өліміне әкелетін соққы беруге ниетті.
Әли Абдоллаһи бұл ұстанымды уақытша саяси қоқан-лоқы емес, ресми түрде бекітілген әскери іс-қимыл қағидасы ретінде таныстырды. Оның сөзінше, мұндай тактиканың тиімділігі бұған дейін қарсыласқа көрсетілген, сондықтан енді ол ұрыс алаңының бұлжымас формуласына айналмақ. Генералдың бұл мәлімдемесі Иран мен АҚШ арасындағы тікелей текетірестің кезекті шиеленісуі аясында жасалып отыр. Иран әскери қолбасшылығы өңірдің бірнеше еліндегі АҚШ әскери базалары мен нысандарына соққы жасалғанын хабарлап, мұны АҚШ-ның Иран аумағына жасаған шабуылдарына жауап ретінде түсіндірді.
Иранның Хатам әл-Анбия Орталық штабы – соғыс жағдайында Иран Қарулы күштерінің барлық құрамдас бөлімінің іс-қимылын үйлестіретін ең жоғары жедел басқару органы. Сондықтан оның қолбасшысының мәлімдемесі қарапайым саяси үндеуден әлдеқайда маңызды. Ол Тегеранның Иран азаматтарының қаза табуы мен АҚШ-ның әскери нысандары мен жеке құрамына қарсы жауап операциялары арасында тікелей байланыс орнатуға ниетті екенін аңғартады.
Мұндай қағидат қақтығыстың одан әрі ушығу қаупін күшейте түседі. Себебі бұл жауап әрекеттерінің тек Иран аумағында ғана емес, Таяу Шығыстың өзге елдерінде орналасқан америкалық күштерге қарсы да жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Соның салдарынан өз аумағында АҚШ әскери бөлімдері мен нысандары орналасқан өңір мемлекеттері ресми түрде соғыс қимылдарына қатыспаса да, текетіреске еріксіз тартылу қаупіне тап болуы ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, Әли Абдоллаһидің мәлімдемесін ең алдымен әскери тежеу және психологиялық қысым көрсету саясатының бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Тегеран осылайша Вашингтонға Иран аумағына жасалатын кез келген жаңа шабуылдың АҚШ үшін нақты шығындарға әкелетінін көрсеткісі келеді. Дегенмен, жарияланған қағидатты іс жүзінде жүзеге асыру өзара шабуылдардың жаңа толқынын бастап, адам шығынын арттырып, қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндігін одан әрі қиындатуы мүмкін.

















