Иран құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарда жасанды түрде жаңбыр жаудыру іс-шарасын бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл шара ірі қалаларды, соның ішінде Иран астанасы Тегеран қаласын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Иранда климаттық өзгерістер құрғақшылықты күшейтіп, халық санының жылдам өсуі мен урбанизация су ресурстарына түсетін жүктемені арттырды.
Жасанды түрде жаңбыр жаудыру әдісі сенбі күні Иранның ең ірі тұзды көлі Урмияның үстінде қолданылды.
Сонымен қатар, Үкімет пен жергілікті билік органдары аталмыш дағдарысты жеңілдету мақсатында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте су пайдалануға шектеу енгізу, су қоймаларын жаңғырту, халық арасында суды ұтымды тұтыну бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу сияқты шешімдер қабылдады.
Иран метеорологиялық ұйымының мәліметінше, биыл жауын-шашын әдеттегіден 89 пайызға аз жауған. Мұның алдында Иран билігі бұл дағдарысты шешу үшін тұрғындарды көшіру ықтималдығына амалсыз көніп, эвакуацияға қамдана бастаған болатын.
Жасанды түрде жаңбыр жаудыру әдісі халықаралық тәжірибеде бар. Бұл әдіс Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан, Таиланд, Аустралия секілді елдерде қолданылып келеді.


















