Иранда кеше 28 маусымға белгіленген президент сайлауына кандидаттарды ресми тіркеу басталды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранда мерзімінен бұрын президент сайлауы 28 маусым күніне елдің марқұм президенті Ибраһим Раисидің кенеттен қайтыс болуына байланысты тағайындалды.
14-ші президенттік сайлауға үміткерлерді тіркеу бейсенбі күні таңертең Тегеранда басталды.
Кандидаттарды тіркеу 30 мамырдан 3 маусым аралығында, яғни бес күнге созылады. Үміткерлердің талаптарға сәйкестігін тексеру 4-10 маусым аралығында жүргізіледі.
Иранның президент сайлау заңына сәйкес, үміткерлер 40 пен 75 жас аралығында және жоғары білімі туралы дипломы болуы керек.
12 маусымнан бастап сайлау науқаны өтеді. Сайлауға бір күн қалғанда «тыныштық күні» жарияланып, сайлау науқаны аяқталады. Егер кандидаттардың ешқайсысы көпшілік дауысқа ие болмаса, сайлаудың екінші кезеңі 5 шілдеде өтеді.
Иранда он төртінші президенттік сайлау 2024 жылғы 28 маусым күні өтеді. Осы күні тоғызыншы президент тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайланады.
Иран Президенті Ибраһим Раиси, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан және басқа да шенеуніктер мінген тікұшақ 19 мамырда Иранның солтүстік-батысында Верзеған ауданында апатқа ұшырады.
20 мамырда таңертең Иран вице-президенті Мохсен Мансури Ибраһим Раиси мен оның жанында болған ресми тұлғалардың тікұшақ апатынан қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.
Иран Конституциясына сәйкес, Президент елді басқара алмаған жағдайда, елді басқару жауапкершілігі Бірінші вице-президентке жүктеледі. Жаңа президент сайлауын осы елдің Бірінші вице-президенті заң шығарушы және сот органдарының басшыларымен бірігіп 50 күн ішінде өткізуге міндетті.
Бүгінде ұшақ апатынан кенеттен қайтыс болған Иран Президенті Ибраһим Раисидің уақытша міндеттері Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге жүктелді.


















