Иранның шай экспорты 48 пайызға өсті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран күнтізбесі бойынша биылғы жылдың 21 наурыз айынан бастап бұл елде шай экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48 пайызға артты. Бұл туралы Иран Шай ұйымының басшысы Хабиб Джаһансаз мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, биыл Ираннан сыртқы нарыққа шамамен 9,8 миллион келі шай экспортталған. Хабиб Джаһансаз сөзінде көрсетілетін қолдау шаралары мен даму жоспарлары, шай плантацияларын қалпына келтіру және қайта жаңғырту үдерісі, ұсынылатын мүмкіндіктер мен импортты басқару мәселелері туралы жан-жақты баяндап: “Қуанышқа орай, біздің күш-жігеріміздің арқасында Шай ұйымы сақталып, өз қызметін жалғастырып келеді”, – деді.
Оның айтуынша, шай өсірумен айналысатын фермерлерді қолдау мақсатында бірнеше негізгі бағдарлама жүзеге асырылған.
Хабиб Джаһансаз: “Биыл елден шай экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48 пайызға өсті. Сыртқы нарыққа шамамен 9,8 миллион келі шай экспортталды. Экспорттың бұл көлемі валюталық кірістен 12 миллион доллардан астам табыс әкелді”, -деді.
Сонымен қатар, ол импорт мәселесіне де тоқталып: “Артық көлемнің импортына жол бермеу үшін импорт тек елдің нақты қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады”,- деп мәлімдеді.
Джаһансаздың сөзінше, бес жылдық жоспарлар, қаржылық және сақтандыру қолдаудың арқасында Иранның шай өнеркәсібі орнықты даму жолына түсті. Шай плантацияларын қайта жандандыру және жаңарту жұмыстарын жалғастыру, арзан кәсіпорындар құру және оны дамыту нәтижесінде елдің шай саласы ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырып отыр.
Айта кетейік, шай өнеркәсібі Ирандағы ауыл шаруашылығының маңызды саласы болып табылады. Елдің солтүстігінде жыл сайын шамамен 25 мың гектар аумақта 65 мың тоннадан астам кептірілген шай өндіріледі.


















