Кеше, 4 қараша күні таңертең Иран Ислам Республикасының Мәскеудегі елшісі Казем Джалали X желісіндегі аккаунтында «Кәусар» және «Һодһод» жерсеріктерінің ұшырылуына қатысты хабарлама жариялады.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Казем Джалали «Кәусар» және «Һодһод» жерсеріктерінің ұшырылуы Иран Ислам Республикасының жеке секторын ғарыш саласына біріктіру жолындағы маңызды әрі шешуші қадам болады деген үміт білдірді.
Иран Ислам Республикасының Мәскеудегі Елшісі Казем Джалали: «Иран мен Ресей арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту аясында «Кәусар» және «ҺодҺод» жерсеріктері сейсенбі, қарашаның бесі күні Тегеран уақытымен сағат 2:48-де (Мәскеу уақытымен 2:18) 500 км биіктікте орбитаға шығарылады. Біз осы жерсеріктерді ұшыру арқылы Иран Ислам Республикасының жеке ғарыш секторын дамытуда маңызды қадам жасаймыз деп үміттенеміз», — деп жазды.
Казем Джалалидің айтуынша, екі жерсерікті де жоғары технологиялық «Омид Фаза» компаниясының дарынды жас мамандары әзірлеп, жасаған.



















