Кеше, 19 қаңтар күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бірқатар Мәжіліс депутаттарымен кездесті.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтының хабарлауынша, кездесу барысында ҚМДБ Төрағасы Діни басқарманың 2023 жылғы атқарған өзекті іс-шаралары туралы мәлімдеді.
Наурызбай қажы Тағанұлы депутаттармен басқосуда ел игілігі үшін биылғы жылы атқарылатын ауқымды шаралар жоспарымен де таныстырып өтті.
Бас мүфти діни саладағы үлкен жаңалықтың бірі болатын «Ислам энциклопедиясының» бірінші, екінші, үшінші томдары жарық көретінін айтты.
Наурызбай қажы Тағанұлы кездесуге келген Ермұрат Бәпи, Қазыбек Иса, Самат Мұсабаев, Аманжол Әлтаев, Абзал Құспан, Айгүл Құспан, Дәулет Мұқаев т.б. депутаттарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биыл Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасына төрағалық ететінін айтты.
Басқосу соңында ҚМДБ Төрағасы депутаттар сауалына жауап берді.
Тараптар ел бірлігі үшін бірлесе жұмыс атқаруға келісті.



















