Үндістанның солтүстік-шығысында кенеттен жауған нөсер салдарынан болған су тасқыны Сикким штатының бірнеше қаласын басып қалды.
Press Trust of India агенттігінің мәліметі бойынша, табиғи апаттан кем дегенде 14 адам қаза тауып, тағы 102 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Лхонак көлі мен Тисто өзені арнасынан асып, су қалыпты деңгейден алты метрге көтерілді. Табиғи апат оқыстан болғандықтан, төтенше жағдайлар қызметі дайындалып үлгермеген.
Синоптиктердің айтуынша, су тасқынына тропикалық дауыл себеп болған, соның салдарынан Лхонак тау көлі арнасынан асып, таудан келген су мұздықтармен бірге төмен қарай ағып, жол бойындағы жолдар мен ғимараттарды қиратқан.
Су тасқыны 4 қазанда басталған. Шенеуніктердің айтуынша, бейсенбіге дейін 22 мыңға жуық азамат эвакуацияланған.
Сондай-ақ 2 мыңға жуық зардап шеккендердің құтқарылғаны айтылады хабарламада.
Жоғалғандар арасында 22 әскери қызметкер бар.
Су тасқыны 11 көпірді шайып, жалпы саны 270-тен астам үйді зақымдаған немесе қиратқан. Орын алған оқиғаға байланысты штаттың төрт аймағында мектептер жабылды.
Сикким Гималай тауларының етегінде орналасқан. Штатта көптеген мұздықтар мен тау көлдері бар. Метеорологтардың болжауынша, аймақта нөсер жаңбыр кем дегенде тағы екі күн жауады.



















