Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда-өнеркәсіп палатасы және “O’zbekipaksanoat” қауымдастығы өкілдерінен тұратын делегация Иранға жұмыс сапарымен барды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, сапар барысында делегация мүшелері тоқыма өнеркәсібі орталықтарының қызметімен, өндіріс технологияларымен және кластерлік жүйемен танысты.
Өзбекстан делегациясы Гилан провинциясының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Саман Назармен кездесіп, аймақтағы ірі компаниялардың қатысуымен B2B және B2G форматында келіссөз жүргізді.
Кездесулер нәтижесінде Иранның Жібек шаруашылығын зерттеу орталығымен ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Құжат екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өңдеу көлемін арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бағытталған.
Өзбекстан делегациясының Иранға сапарының басты мақсаты — ирандық әріптестерінің жібек өнімдерін өндірудегі тәжірибесін зерделеп, осы салада тиімді ынтымақтастық орнату.


















