Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльдің Өзбекстанға ресми сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойылып, ортақ мәлімдеме жасалды.
Еуразия Тудейдің Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ташкент қаласындағы Куксарой резиденциясында өткен келіссөздер соңында тараптар маңызды құжаттарға қол жеткізді.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі Юн Сок Ёльдің Өзбекстанға ресми сапары аясында 17 құжатқа қол қойылғанын жариялады.
17 құжат ішінде экономикалық даму және ынтымақтастық қорымен үкіметаралық келісім, Кореяның Экспорт-импорт банкі және Hyundai Rotem компаниясы арасындағы келісім, «Тошкент Фарма Парк» инновациялық фармацевтикалық кластер жобасын іске асыру туралы келісім, СІМ арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, мәдениет, көлік салаларындағы ынтымақтастық туралы келісім, білікті және кәсіби кадрларды даярлау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумы және басқа да келісімдер мен хаттамалар бар.
Қос ел Президенттері ашық, достық және сындарлы қарым-қатынас негізінде өткен кездесулердің нәтижелерін өте жоғары бағалады.
Шавкат Мирзиеев жоғары деңгейдегі келіссөздер соңында жасаған мәлімдемесінде Кореяны әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде сипаттады. Өзбекстан Президентінің айтуынша, Корея -Өзбекстанның ерекше стратегиялық әріптесі.
Өзбекстан көшбасшысы Юн Сок Ёльді екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастаың орнағанына 32 жыл және стратегиялық әріптестіктің 5 жыл толуымен құттықтады.
Шавкат Мирзиеев пен Юн Сок Ёль келіссөздер барысында қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Yonhap ақпараттық агенттігі Юн Сок Ёль 10-15 маусым аралығында Түркіменстанға, Қазақстанға және Өзбекстанға 60-тан астам корей компанияларынан тұратын бизнес-делегацияны бастап, мемлекеттік сапармен баратынын хабарлады.
10 маусымда Оңтүстік Корея басшысы Юн Сок Ёль Орталық Азия елдеріне алғашқы сапарын бастады. 10-11 маусым аралығында Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль Түркіменстанда мемлекеттік сапармен болды.
11-13 маусым күндері Юн Сок Ель Қазақстанда мемлекеттік сапармен болды.



















