Өзбекстанда 2027 жылдан бастап пластик пакеттерді өндіруге, импорттауға және пайдалануға тыйым салу ұсынылды.
Еуразия Тудейдің Gazeta.uz cайты жариялаған мәліметке сілтеме жасап хабарлауынша, Өзбекстанда пластик пакеттердің орнына экологиялық қауіпсіз, биологиялық тұрғыдан шіритін пакеттер қолданылмақ.
Өзбекстанда 2025−2027 жылдарға арналған пластикпен ластануды азайту жөніндегі ұлттық бағдарлама жобасын әзірлеу жоспарлануда. Бұл бастама қоғамдық талқылауға ұсынылған биылғы жылға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасында қарастырылған.
Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап пластикалық пакеттерді өндіруге, импорттауға және пайдалануға тыйым салынып, экологиялық таза, био ыдырайтын пакеттерді қолдануды ынталандыру ұсынылған.
Сонымен қатар, пластик өнімдерінің құрамындағы зиянды химиялық заттарды қолдануды шектеу және қайта өңделген пластикті пайдалану коэффициенттерін белгілеу жоспарланып отыр. Құжат жобасы 2025 жылдың қыркүйек айына дейін әзірленіп, 2025 жылдың қарашасына дейін Министрлер Кабинетіне ұсынылады деп күтілуде.
Президенттің мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру туралы қаулысының жобасына сәйкес, 2025 жылдың 1 қарашасына дейін пластик қаптамада өнім өндірушілер мен импорттаушыларды міндеттейтін заң жобасын әзірлеу де жоспарлануда.
Заңда осындай қалдықтарды қабылдайтын арнайы орындар мен жабдықтар орнату арқылы жинау және кәдеге жарату, кәдеге жарату алымын төлеу бойынша кеңейтілген міндеттеме қарастырылған.
Қазіргі уақытта 100-ден астам мемлекет бір реттік пластик пакеттерге толық немесе ішінара тыйым салды. 2010-2019 жылдары пластиктен кезең-кезеңімен бас тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар үш есеге өскен.



















