Қырғызстанда Ауғанстанда өндірілген «Golden Life» шырынына тыйым салынғаннан кейін, Өзбекстанда да осы сусынға қайта тексеру жүргізілетін болды.
Еуразия Тудейдің Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және денсаулық комитетінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауынша, бұл өнім Өзбекстанға да әкелінген.
Бұған дейін «Golden Life» анар шырынына санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беріліп, сусынның құрамында адам денсаулығына зиянды немесе улы заттардың анықталмағаны айтылған болатын. Алайда, Қырғызстандағы жағдайдан кейін Өзбекстанда аталмыш өнімге қайта зертханалық зерттеулер жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Қырғызстанда 3 шілдеден бастап Ауғанстанда өндірілген «Golden Life» газдалған анар шырынын сатуға тыйым салынды.
Шара Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бұйрығына сәйкес жүргізілді.
«Golden Life» сусыны Өзбекстанда, Тәжікстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда сатылады. Соңғы кездері бұл сусын балалар мен ересектер арасында танымал болды.
Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бұйрығы бойынша, Ауғанстанда өндірілген «Golden Life» шырыны талаптарға сәйкес келмейді. Себебі, оның құрамынан балалардың белсенділігі мен зейініне кері әсер ететін азорубин E 122 бояғышы табылған.



















