Тегеран Ормұз бұғазының бақылауын сақтап қалса, әлемдік энергия нарығының кілті Иранның қолында қала бермек.
Еуразия Тудейдің The Wall Street Journal газетіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Тегеранның әлемдік мұнай тасымалының бестен бір бөлігі өткен осы халықаралық су жолын бақылау әлеуеті — Иранның АҚШ-қа, Парсы шығанағындағы көршілері мен жаһандық экономикаға қарсы қолданатын ең үлкен қысым құралына айналды.
Соғыстың Иран үшін жеңіспен немесе жеңіліспен аяқталуы, бәрінен бұрын Тегеранның осы қақтығыстан кейін бұғазды бақылауда ұстап қала алуына байланысты. Егер бақылау сақталса, әлемдік энергия нарығының кілті Иранның қолында қала бермек.
Ормұз бұғазы бүгінде ирандықтар үшін ядролық бағдарламадан да маңызды
Қазір Ормұз бұғазы ирандықтар үшін ядролық бағдарламадан әлдеқайда маңызды болып отыр. Ядролық бағдарлама символдық сипатта болғанымен, ирандықтар үшін шынайы тежеуші күш қалыптастыра алмады. Қазіргі соғыста Иранның әлі де төтеп беріп жатқан жалғыз себебі — осы бұғаз. Ирандықтардың пайымдауынша, бұғаз кез келген жағдайда олардың бақылауында қалуы тиіс, өйткені бұл — олардың жалғыз нақты тежеуші құралы.
Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері, Бахрейннің ұлттық қауіпсіздік саласының бұрынғы қызметкері Хасан әл-Хасан былай дейді:
«Егер соғыс жақын арада аяқталып, Иран осы маңызды су жолын бақылауда ұстап қалса, бұл АҚШ-тың Таяу Шығыс пен одан тыс жерлердегі одақтастары мен серіктестері үшін геосаяси апат болады. Иран өзі қалаған уақытта кез келген тарапқа қарсы «таңдамалы санкциялар» қолдану мүмкіндігіне ие болады».
Осы уақытқа дейін Еуропа мен Азия елдері АҚШ-тың Ормуз бұғазын күштеп ашу әрекеттеріне әскери тұрғыдан қосылуға құлық танытпай отыр.
БАӘ және Сауд Арабиясы сияқты Парсы шығанағындағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер айтарлықтай әскери-теңіз және әуе күштеріне ие. Алайда, дипломаттар мен лауазымды тұлғалардың айтуынша, бұл елдердің де АҚШ-тың ауқымды араласуынсыз бұғаз үшін Иранмен соғысуға баруы екіталай.


















