Экологтар Орталық Азияда салынып жатқан бөгеттер аймақтағы су дағдарысын одан әрі ушықтыруы мүмкін деген пікірде. Бұл туралы Вести.kg агенттігі хабарлайды.
Rivers without Boundaries ұйымы 14 наурыз — өзендер мен су қоймаларын қорғаудың халықаралық күніне арналған мәлімдемесінде Орталық Азиядағы бөгеттердің әсері туралы пікір білдірді.
Ұйымның мәліметіне сәйкес, экологтар Тәжікстандағы Вахш өзеніндегі Рогун ГЭС-інің салынуы Амудариядан басталатын кіші өзендердің сарқылуына әкеледі деп санайды.
Экологтардың пікірінше, Қырғызстандағы Беш-Аралда салынуы ықтимал екі ГЭС бірнеше өзен суының деңгейін азайтуы мүмкін.
Сондай-ақ, экологтар «Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның Қамбар Ата ГЭС-1 бірлескен жобасы аяқталса, Нарын өзеніндегі судың басым бөлігін қоймада ұстау мүмкіндігі артып, табиғи су алмасу процесі бұзылады» дейді.
Экологтар Ауғанстандағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан Күш-Тепа бөгетіне де тоқталды.
Күш-Тепа бөгетінің Орталық Азиядағы су дағдарысын күшейтетіні белгілі. Бөгет іске қосылса Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстандағы су тапшылығы мәселесін күрделендіре түседі.
Экологтардың пікірі су қоймаларын салуда өзара байланыс орнатылуы керек дегенге саяды.
Олар бір аймақта су тапшылығын азайту мақсатында салынған ГЭС екінші аймақта кері әсер беруі мүмкін деп санайды.
Осылайша, экологтар Орталық Азияда соңғы жылдары су тапшылығын азайту мақсатында салынып жатқан ірі су қоймалары мен бөгеттерден бас тартып, жаңа бастамалар жасауға шақыруда.
Мамандардың пікірінше, ауыл шаруашылығына тамшылатып суару жүйесін жаппай енгізіп, суды аз қажет ететін өнімдер егу керек.
Экологтар бүгінде Орталық Азиядағы жоспарланған бөгеттер өз жұмыстарын аяқтаса, шамамен алдағы 15 жылда су тапшылығы артады деген пікірде.



















