Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путин мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның кеңейтілген құрамдағы келіссөздері аяқталды.
Ресей Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер шамамен бір жарым сағатқа созылған.
Ресей мен Түркия президенттері Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі Сочиде өтті. Владимир Путин Режеп Тайып Ердоғанды өзінің «Русь» резиденциясында қарсы алды.
Түркия президентін қарсы алу кезінде Путин жанында Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачев пен вице-премьер Александр Новак болған.
Ердоған мен Путиннің кездесуінде талқыланған ең маңызды күн тәртібіндегі мәселе шілде айында Ресейдің бас тартқан «астық дәлізі» келісімі болды.
Айта кетсек, бұған дейін Путин мен Ердоғанның кездесуі 4 қыркүйекте Сочиде өтетіндігі туралы хабарланған болатын. Шілде айында «астық келісімі» тоқтағаннан бері екі елдің президенттері алғаш рет кездесіп отыр. Дегенмен Ресей мен Түркия басшылары бұған дейін телефон арқылы сөйлескен.



















