Ресей Президенті Владимир Путин Иран Президенті Сейед Ибраһим Раисидің өмірден өтуін орны толмас қаза деп атады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Владимир Путин «Біз Иранмен қарым-қатынасты нығайтуды бұрынғыдай жалғастырамыз және Ресей Тегеран мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», деп мәлімдеді.
Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин сейсенбі күні кешке Владимир Путинмен кездесуінен кейін Иран Президенті Сейед Ибраһим Раисидің жерлеу рәсіміне қатысу үшін Тегеранға баратынын мәлімдеді.
Кездесу барысында Путин Вячеслав Володиннен Ресей атынан Ислам революциясының жетекшісіне, Иран үкіметі мен халқына көңіл айтып, Ресей Мәскеу мен Тегеран қатынастарының дамуы бұрынғысынша жалғасатынын жеткізуді сұрады.
Сондай-ақ Ресей Президенті Раисидің өте сенімді серіктес болғанын және жасалған келісімдердің міндетті түрде жүзеге асатынына сенуге болатынын тілге тиек етіп, Раисидің өмірден өтуін орны толмас қаза деп атады.
Сонымен қатар Путин кездесуде Ресейдің Иран Президенті Ибраһим Раисидің ұшақ апатынан қайтыс болуын тергеуде барлық қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Ресей Парламент палатасының дереккөзі Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володиннің Ресей атынан Иран Президенті Сейед Ибраһим Раисидің жерлеу рәсіміне қатысатынын хабарлады.
Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин бұған дейін Иран Парламенті спикері Мохаммад Бақер Қалибафқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
Хатта: «Мен Шығыс Әзірбайжан провинциясында тікұшақ апатынан қайтыс болған Иран Ислам Республикасының Президенті Сейед Ибраһим Раиси және үкімет делегация мүшелерінің қазасына байланысты шын жүректен көңіл айтамын.
Раиси әрдайым Иранның мүддесін қорғап, көпполярлы әлемде тәуелсіздік пен егемендікті нығайту үшін күресті. Сейед Ибраһим Раисидің Ресей мен Иран арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін елемеуге болмайды.
Бұл апат- бәріміз үшін орны толмас қаза. Біз Иран халқының қайғысын бөлісеміз. Марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айтамыз», делінген.
Ибраһим Раиси және үкімет делегация мүшелерінің қазасына байланысты Ресей Президенті, Ресей Федерация Кеңесінің төрағасы, Ресей Премьер-министрі, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, осы елдің Сыртқы істер министрі, Думаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы, Православие шіркеуінің архиепископы, Ресей Федерациясы Мұсылмандары Діни Басқармасының басшысы, БАҚ басшылары мен белсенділері және басқа да ресейлік шенеуніктер жеке жеделхаттар жіберіп, Иран үкіметі мен халқына көңіл айтты.
Иран Президенті Ибраһим Раиси және оның серіктерінің ұшақ апатынан қаза тапқаны туралы хабардан кейін Мәскеудегі Иран Ислам Республикасының елшілігіне халық гүл шоқтарын әкелді.
Ибраһим Раиси жексенбі күні түстен кейін Шығыс Әзірбайжан провинциясында Qız qalası бөгетін ашу рәсімінен қайтқан сәтте апатқа ұшырады. Иран Президенті Ибраһим Раиси және оның жанында болған ресми тұлғалар апаттан қайтыс болды.
Тікұшақ ішінде Ибраһим Раиси, СІМ басшысы Хоссейн Амир Абдуллаһиан, Шығыс Әзірбайжан губернаторы Малек Рахмати, Тебриз қаласының жұма намазы имамы аятолла Мохаммад Әли әл Хашем, Президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы Сейед Маһди Мусави және тікұшақтың басқа да экипаж мүшелері болды.
Осыдан бірнеше сағаттар бұрын БҰҰ-ның Нью-Йорктегі, Венадағы, Женевадағы және Лондондағы штаб-пәтерінде Раисидің қазасына байланысты тулар жартылай түсірілді.



















