ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьер-министрі Ли Цян тамыздың соңына қарай Ресей мен Беларуське барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, дүйсенбі күні ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлім етті.
Маоның айтуынша, ҚХР Премьер-министрінің 20-23 тамыз аралығындағы сапары Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин мен Беларусь Премьер-министрі Роман Головченконың шақыруымен жүзеге асырылады.
Ли Цян Ресейге сапарында Қытай-Ресей Үкімет басшыларының 29-шы тұрақты кездесуіне қатысады. Сонымен қатар Ли Цян Ресей Президенті Владимир Путинмен және ресейлік әріптесі Михаил Мишустинмен кездеседі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қою жоспарлануда.
ҚХР Премьер-министрі Ресейде 20-22 тамыз күндері болады. Қытай Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбында бейтарап ұстанымды ұстанып келеді. Ли Цян 22-23 тамызда Беларусь елінде болып, Беларусь Премьер-министрі Роман Головченкомен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар ҚХР Премьер-министрі Беларусь пен Қытайдың ауқымды бірлескен жобасы «Ұлы тас» индустриалды паркіне барады. Сондай-ақ, Ли Цян Минскідегі Жеңіс ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.



















