Санкт-Петербург қаласындағы дін тарихы мемлекеттік мұражайында заманауи ирандық аса шебер-қолөнершілер жұмыстарының көрмесі ашылды.
100-ге жуық экспонатты біріктірген экспозицияда қолөнершілердің суреттері, керамика, кестелері және т.б. сияқты қолөнер түрлерінен өнімдер ұсынылды.
Көрмеге келушілер тарихы тереңде жатқан Иран халқының сәндік-қолданбалы өнер түрлерімен таныса алады. Мыстан, күмістен құйылған ыдыстар, көздің жауын алатын өрнекті құмандар жұртшылықтың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
Көрменің көркін келтіріп, сәнін ашып тұрған көкшіл түсті металл құтылар мен табақшалар «Минакари» стилінде орындалған. «Минакари» – металл мен қыш бұйымдарын арнайы эмальмен безендіретін айрықша ирандық техника. Бірнеше мың жыл бұрын пайда болған бұл техника Иранның мақтанышы болып саналады.
Бұл көрме Ресей халқының иранның қолөнер түрлерімен танысуына жақсы мүмкіндік болады.
Иран Ислам Республикасы – әлемдегі ең көне өркениет ошақтарының бірі. Иран мәдениеті мен қолөнерінің әлемдік өнер мұрасы бойынша лайықты орны бар. Өнерсүйер қауым үшін бұл көрменің тағылымы мол.


















