Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Тегеранның солтүстік-шығысындағы халықаралық инновациялық аймақта филиалын ашады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл шара министрлер кабинетінің Иранның Ғылым және технология университетімен бірлесіп халықаралық инновациялық аймақта шетелдік университеттің филиалын құру туралы бастамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы мақсатта кеше, дүйсенбі күні “Пардис” технологиялық паркі, Иранның Ғылым және технология университеті және Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің өкілдері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Иран мен Ресейдің жетекші университеттері арасындағы жан-жақты келісімдер аясында, екі тарап жоғары білім, технология және инновация салаларында ұзақ мерзімді әрі сындарлы қарым-қатынасты дамытуға ұмтылады.
Екі ел университеттері арасындағы байланысты нығайту мақсатында қабылданған негізгі шаралардың бірі хатшылық құру болып табылады.
Мұның алдында Иранның Халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты дамыту ұйымының басшысы Меһди Сафари Ресей Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенкомен кездесуінде Тегеранның халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытқысы келетінін қуаттап, ресейлік компаниялардың “Пардис” технологиялық паркінде кеңсе аша алатынын айтты.
Иранның Халықаралық ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты дамыту ұйымының басшысы Ресей университеттерінің Иранда филиалдарын ашуына тоқталып: “Біз Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу мемлекеттік университетімен келісімге келдік. Қазір бұл мәселе бойынша Ғылым және технология университетімен жұмыс істеп жатырмыз”, – деді.
Сафаридің айтуынша, ирандық және аймақтық студенттер осы университетке оқуға түсіп, оқу мерзімінің жартысын Иранда, екінші жартысын Ресейде оқи алады.


















