Иранның Ұлттық қорғаныс университетінде ұлттық қорғаныс курсынан өтіп жатқан сегіз елдің әскери қызметкерлері генерал-лейтенант Сейед Яхия Сафави және оқу орнының халықаралық факультетінің басшысымен бірге Абу Мұса аралы мен Ормуз бұғазында болды.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, сапар барысында Иран Қарулы күштерінің жоғарғы қолбасшысының кеңесшісі және көмекшісі генерал-лейтенант Сафави сапардың мақсаттарын түсіндіріп, оның Иран Ислам Республикасының Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы қорғаныс және қауіпсіздік, транзит, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы жетістіктерін көрсетуге, сондай-ақ Иранның Үндістан, Қытай, Пәкістан, Түркіменстан, Ирак, Оман және Йемен сияқты көршілес елдермен байланысын нығайтуға бағытталғанын баса айтты.
Үш күндік сапар аясында шетелдік студенттер Шаһид Раджайи портымен, “Парсы шығанағы жұлдызы” атты мұнай өңдеу зауытымен, “Хормозган” металлургиялық өнеркәсіп бірлестігімен, кеме жасау зауыттары, Абу Мұса аралының экологиялық көрікті жерлерімен, сондай-ақ, “Джамаран” эсминеці мен Иранның бірқатар әскери-теңіз күштерінің мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, Иранның Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы генерал Әлиреза Тангсиримен кездесті.
Генерал-лейтенант Сафави қорғаныс және қауіпсіздік контекстінде ғылыми дипломатияның маңыздылығына тоқталып, әлем елдерінің армия саласында алмасу шаралары қорғаныс дипломатиясын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі екенін баса айтты.
Қазіргі уақытта Иран Қарулы күштері Бас штабының келісімімен Ұлттық қорғаныс университетінде әртүрлі елдердің әскери қызметкерлері әскери курстан өтуде.


















