Иранның Шаһид Раджайи порты жарылыстан кейін бір тәулікке жетпей жұмысын қайта бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, сенбі, 26 сәуір күні болған жарылыс салдарынан Иранның Бандар-Аббастағы Шаһид Раджайи айлағынан өрт шықты.
Өрт контейнерлік және сусымалы жүк терминалдарының бір бөлігіне тарады.
Иран Кеден әкімшілігінің басшысы, Порттар және кеме қатынасы ұйымы басшысының міндетін атқарушы, сондай-ақ осы елдің Ішкі істер, Жол және қала құрылысы министрлері өртті сөндіру және порт жұмысын қалпына келтіру үшін оқиға орнына дереу келді.
Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында жексенбі күні таңертең порт қайтадан қалыпты жұмысын бастады.
Тауарларды экспорттау мен импорттау үдерісі толығымен қалпына келтірілді.
Иранның Жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садеқ Бандар-Аббас қаласындағы Шаһид Раджайи портының түрлі аймағында жүктерді тасымалдаудағы барлық операция әдеттегідей жүргізіліп жатқанын айтты.
Шаһид Раджайи — Иранның ең ірі сауда порты. Порт жылына шамамен 88 миллион тонна тауар өңдейді. “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізінің ең маңызды торабы саналатын Шаһид Раджайи порты Иранның экономикалық тұрақтылығын сақтауда шешуші рөл атқарады.


















