Бүгін Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында Түркі Мемлекеттері Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.
Тurkmenistan.ru агенттігінің хабарлауы бойынша Ашхабадта ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің кезекті 15-ші отырысын өткізу туралы қаулыға Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қол қойған.
Құжатта осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруды қамтамасыз ету ұйғарылған.
Отырыс Түркіменстан халқының Ұлттық көшбасшысы, Түркіменстан Халк мәслихатының төрағасы, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гурбангулы Бердімұхамедовтың төрағалығымен өтті.
Отырысқа ұйым мүшелері Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан және бақылаушы ел ретінде Венгрия елінің ақсақалдары қатысты.
Ақсақалдар кеңесінің отырысында ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты өрістету мақсатында бұрынғы шешімдер талқыланып, отырыс қорытындысы бойынша Ақсақалдар кеңесінің 15-ші отырысының коммюникесі қабылданды.
ТМҰ Ақсақалдар кеңесі жылына бір рет кеңес отырысын өткізіп тұрады.
Түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым 2009 жылдың 3 қазанында Нахшыван қаласында құрылды.
Айта кетейік, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің 14-ші отырысы 2023 жылдың қазан айында Самарқандта өтті.



















