Түркия Үкіметі тамыздың 2 күні бұғатталған Instagram желісіне кіруді қайта қалпына келтірді.
Еуразия Тудейдің Hürriyet басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоғлу елінде Instagram әлеуметтік желісінің қайта қалпына келгені жөнінде Х әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
Абдулкадир Уралоғлудың айтуынша, тоғыз күндік бұғаттауды қалпына келтіру туралы шешім түрік билігі мен әлеуметтік желі өкілдерінің келіссөздері нәтижесінде қабылданды.
Еске сала кетейік, Түркия тамыздың 2 күні ел заңдары мен қоғамдық тәртіпті сақтамағаны үшін Instagram желісіне кіруге тыйым салды. Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрі әлеуметтік желі елінің бірқатар заңын бұзғанын айтып, компания өкілдері олардың ескертулеріне жауап бермегендіктен осындай қадам жасауға мәжбүр болғандықтарын мәлімдеген еді.
Statista платформасының мәліметінше, Түркия Instagram желісін қолдану бойынша әлемде Үндістан, АҚШ, Бразилия және Индонезиядан кейін бесінші орында тұр.



















