Ұлыбритания Ормұз бұғазындағы қауіпсіздікті талқылау үшін 40 елдің мамандарын жинайды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ұлыбритания бүгін, сейсенбі, 7 сәуір күні әскери қақтығыстар аяқталғаннан кейін Ормұз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету нұсқаларын талқылау үшін 40 елдің әскери мамандарының кездесуін өткізеді.
Financial Times басылымының мәліметінше, жиын бейнеконференция форматында өтеді.
Басылымның мәліметінше, кездесуге наурыз айында Иранды Ормұз бұғазын коммерциялық кеме қатынасы үшін бұғаттауға бағытталған әрекеттерін дереу тоқтатуға шақырып, бірлескен мәлімдемеге қол қойған елдердің өкілдері қатысады.
Алғашында бұл мәлімдемеге Ұлыбритания, Италия, Нидерланд, Франция, Германия және Жапония басшылары қосылған. Кейін оларға Еуропаның бірнеше мемлекеті, сондай-ақ Аустралия, Бахрейн, Доминикан Республикасы, Канада, Жаңа Зеландия, Панама, Тринидад, Тобаго, БАӘ және Корея Республикасы сияқты 30-дан астам ел қосылды.
Бұл елдер 2 сәуір күні Ұлыбритания билігі ұйымдастырған Ормұз бұғазының жабылуына арналған Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі қашықтан өткен конференцияға да қатысқан болатын.
Аты-жөні аталмаған екі ресми дереккөзінің айтуы бойынша, әскери-теңіз коалициясын құру үдерісі қатысушы елдердің әскери ресурстарының әртүрлілігіне байланысты күрделеніп отыр. Мысалы, кейбір елдер миналарды залалсыздандыратын кемелер ұсынуға дайын, алайда оларды қорғауға арналған фрегаттарды бере алмайды.
Ресми тұлғалардың айтуынша, ұсынылып отырған коалиция НАТО миссиясы ретінде әрекет етпейді және оның құрамында әскери альянсқа кірмейтін елдер де бар.



















