БҰҰ Балалар қорының (UNICEF) директоры 7 қазанда соғыс басталғаннан бері Газа секторында 13 800-ден астам бала қаза тапқанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, баспасөз мәслихатында UNICEF директоры Кэтрин Рассел Газа секторындағы балалардың жағдайының ауыр екенін атап, соғыс салдарынан мыңдаған адам жарақат алғанын және тағы мыңдаған адам аштық алдында тұрғанын айтты.
БҰҰ Гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері құрылымының мәлімдемесінде: «Газа секторында әр 10 минут сайын бір бала жарақат алады немесе қайтыс болады»,- деп жазылған.
Сондай-ақ, соғыс басталғаннан бері Газа секторында 10 мыңнан астам әйел қаза тауып, олардың 6 мыңы 19 мың баланы жетім қалдырғаны айтылды.
UNICEF Газа секторына сапары кезінде тек ауруханаларда ғана емес, көшелер мен баспаналарда да жарақат алған балалардың көптігіне таң қалған.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Израильдің Газа секторына 195 күн бойы жасаған шабуылдары туралы мәлімет жариялады. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарында 33970 адам қаза тауып, 76 мыңнан астам адам жараланған. 8 мыңға жуық адам үйінділер астында қалып, із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Газа секторында қаза тапқандар мен жараланғандардың 73 пайызы – әйелдер мен балалар.




















