Иран астанасы Тегеранда Каспий елдерінің жетінші саммиті келесі жылы өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран 2025 жылы Каспий теңізі жағалауындағы провинциялар басшыларының бірінші халықаралық кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы Иранның Түркіменстандағы елшісі Әли Моджтаба Рузбехани Түркіменбашы қаласында өткен “Каспий теңізі — бейбітшілік пен достық теңізі” атты конференцияда сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Елші: “Каспий маңы елдерінің жетінші саммиті келесі жылдың тамыз айында Тегеранда өтеді. Біз Каспий теңізінің халықаралық күні және Тегеран Конвенциясының күшіне енуінің 20 жылдығында Иран астанасында Каспий маңы елдерінің басшыларын мақтанышпен қабылдаймыз”, — деді.
Сонымен қатар, Әли Моджтаба Рузбехани Каспий теңізі жағалауындағы провинциялар басшыларының бірінші халықаралық кездесуі 2025 жылдың соңына дейін ұйымдастырылатынына тоқталып: “ Іс-шараның мақсаты – Каспий маңы провинцияларының басшылығы деңгейінде диалог, тәжірибе алмасу және өзара іс-қимыл үшін тұрақты платформаны қамтамасыз ету, экономикалық ынтымақтастық пен аймақтық дипломатияны нығайту, шекаралық ынтымақтастықты дамыту және әртүрлі салада бірлескен жобаларды жүзеге асыру”, — деді.
Айта кетейік, Каспий маңындағы бес ел 12 тамыз күні халықаралық Каспий күнін атап өтті. Каспий жағалауы Қазақстан, Ресей, Иран, Түркіменстан және Әзербайжанға тиесілі.

















