Израильдің Газа секторындағы соққыларынан қашып, Рафах қаласынан пана тапқан 600 мың балаға шабуыл қаупі төніп тұр.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ресми өкілі Джеймс Элдер мәлімдеді.
Джеймс Элдер X әлеуметтік желісіндегі ЮНИСЕФ-тің ресми парақшасында Израильдің шабуылдары кезінде аман қалуға тырысқан Рафах қаласындағы балалардың қиын өмірі туралы бейнежазба орналастырды.
Джеймс Элдер баспаналары мен жақындарынан айрылған Рафах қаласындағы палестиналықтардың көрген қиындықтарына тоқталып: «Қауіпсіздік. Бүгінде Газада бұл сөз мағынасын жоғалтты. Адамдар жақындарынан айырылуда. Сансыз үй қирады. Барлық жиған-тергеніне алған баспаналарын бір сәтте жоғалтты. Олар қазір шатырларда тұрады. Олар солай тұруға мәжбүр», — деп жазды.
БҰҰ Балалар қорының ресми өкілі: «Газа секторында аурухана қызметкерлері дәрі-дәрмек жетіспеушілігін үнемі ескертіп келеді. Газаға, атап айтқанда оның солтүстігіне үлкен көлемде көмек жеткізуді қамтамасыз ету қажет»,- деп атап өтті.
Джеймс Элдер жазбасының жалғасында: «Рафахтан пана тапқан балаларға келетін болсақ, мұнда 600 мың бала бар. Олар үнемі шабуылдан қорқып, үреймен өмір сүруде», — деп жазды.
Элдердің айтуы бойынша, қорқыныш пен аштыққа қарамастан, балалардың ата-аналары оларға үміт беруге тырысуда.
Мысыр шекарасына жақын орналасқан Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласында Израиль шабуылдарына дейін 280 мыңға жуық палестиналық болған. Израильдің шабуылдары салдарынан 1,9 миллион адам Газа секторындағы баспаналарын тастап, бастапқы кезде Израиль «қауіпсіз» деп мәлімдеген Рафахтан пана тапты. Бүгінде Рафах халқы төрт есеге өсті.



















