Иран президенті Ибраһим Раиси Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сұхбатта екі ел арасындағы қатынастың жақсы дамып келе жатқанын және жалғастыру қажеттігін қуаттады.
Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран президенті Ибраһим Раиси телефон арқылы Владимир Путинді сайлаудағы жеңісімен құттықтау барысында мәлімдеді.
Екі ел басшылары сұхбат барысында Ресей мен Иранның көпжақты алаңдардағы, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС аясында іс-қимылдарын одан әрі үйлестіруді қуаттады.
Өз кезегінде Владимир Путин Иран халқын Рамазан айы және Наурыздың келуімен құттықтады.
Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылдың шілде айында Ресей мен Иран қарым-қатынасы жедел қарқынмен дамып келе жатқанын атап өткен болатын.
Еске сала кетсек, Владимир Путин 15-17 наурызда Ресейде өткен президент сайлауында қайта таңдалды.


















