Кремльде Ресей президенті Владимир Путиннің Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуі өтті.
Еуразия Тудейдің Кремльге сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян кездесуде Еуразия экономикалық одағы саммитінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Никол Пашинян жылы қарсы алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.
Владимир Путин кездесу барысында «Барлық елдер үшін, соның ішінде Ресей мен Армения үшін халықаралық ұйым аясындағы ынтымақтастық оң сипатқа ие. 2015 жылдан бастап Арменияның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 14 есе өсті», — деп атап өтті.
Путин сөзінің жалғасында: «Екіжақты қарым-қатынастарға келетін болсақ, олар өте сәтті дамып келеді. Біз ең алдымен, экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударамыз. Өткен жылы тауар айналымының өсуі өте маңызды соманы құрады және бұл көбінесе импорттың ұлғаюымен байланысты. Тауар айналымы 7 миллиард доллардан асты. Біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымызда мұндай көлем бұрын-соңды болмаған», — деді.
Бұл ретте Путин тауар айналымының өсуіне ғана емес, өңірдегі қауіпсіздікке қатысты мәселелердің бар екеніне де назар аударды.
«Қазір бұл туралы егжей — тегжейлі тоқталмаймыз, бірақ Еуразиялық экономикалық одақ алаңында, әрине, біздің қарым-қатынастарымыздың барлық кешені туралы, оның ішінде өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне де тоқталуға мүмкіндік бар», — деп атап өтті РФ президенті.
Никол Пашинян сөзінде: «Соңғы рет өткен жылдың желтоқсан айында кездестік. Содан бері, талқылауды қажет ететін сұрақтар жиналды. Әрине, біз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы барысында экономикалық тетіктерді талқыладық. Енді маңызды мәселелер мен екіжақты қарым-қатынастарды талқылайтынымызға сенімдімін», — деді.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Путиннің Пашинянмен кездесуі бір сағаттан астам уақытқа созылған.



















