Гонконгта Қазақстанның Бас консулдығының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамын атап өту іс-шарасы өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауы бойынша, іс-шараға Гонконг қаласында орналасқан мекемелердің өкілдері, қала тұрғындары мен қазақстандық студенттер қатысты.
Кештің салтанатты ашылуында Бас консул Алмас Сейтақынов сөз сөйлеп, қатысушыларды Наурыз мейрамымен құттықтады. Бас консул биылғы жылы Қытайда Қазақстанның туризмі жылы деп жариялануын тілге тиек етіп, шетелдік азаматтарды Қазақстанға сапарлауға шақырды.
Бас консулдық және Гонконгтағы «CityU» университетінің қолдауымен осы жоғары оқу орнының залында алғаш рет киіз үй тігіліп, Қазақстанның көрікті жерлерінің сурет галереясы ұйымдастырылды.
Гонконг тұрғындары мен туристерге қазақ үй мен сурет галереясын наурыз айында тамашалай алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, қазақстандық «Алатау» театры ансамблі Гонконгта өнер көрсетті.
Сондай-ақ, кеше, 18 наурыз — Ұлттық киім күніне орай қазақстандық өнерпаздар Гонконг қаласының ортасында ұлттық киіммен тамаша өнер көрсетті.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қытайға барған сапарында 2024 жылды «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» деп жариялады.



















