Сарапшылар Өзбекстандағы кезектен тыс президент сайлауын ел тарихындағы «ең сүреңсіз сайлау» деп атады.
Шавкат Мирзиеевтің ел танымайтын кандидаттарға қарсы бәсекеде жеңіске жететініне ешкім күмәнданған жоқ. Өзбек саясаттанушысы Рафаэл Саттаров Өзбекстанда өткен кезектен тыс президент сайлауына қатысты пікірін білдірді.
Ол «Өзбекстандағы сайлау нәтижесі белгілі еді: Шавкат Мирзиеевтің жеңіске жететініне ешкім күмәнданған жоқ. ЕҚЫҰ миссиясы аралық есебінде сайлау бәсекесіз өткенін, президентке шынайы қарсылас болмағанын жазды»,-дейді.
Қазақстандағыдай Өзбекстанда да кезектен тыс президент сайлауынан бұрын Конституция өзгерді. Конституциялық өзгерістер референдумға шығарылды.
Сарапшылар екі елдегі президент сайлауындағы әдістің бір болғанымен өз ерекшеліктері бар екендігін айтады.
Рафаэл Саттаров пікірінше, Шавкат Мирзиеевтің жүйесі отбасылық басқаруға айналып барады. Ол «Бұл Саддам Хусейн мен сириялық Асад режиміне ұқсайды. Хафез Асад билікке келгенде өз жақындарының позициясын нығайта бастады. Күш құрылымдары түгел бір отбасының қолында болды. Саддам Хусейн басқарған Иракта қауіпсіздік саласындағы басшылық қызметке не ұлдары, не күйеубалалары тағайындалатын»,— деді.
Сондай-ақ сарапшы Шавкат Мирзиеевтің «Жаңа Өзбекстан» құрамын деген ұстанымына тоқталып: «Жаңа Өзбекстанды ескі Өзбекстаннан келе жатқан адамдар құрып жатыр. Шавкат Мирзиеев, Абдулазиз Камилов, Акмаль Саидов, Садык Сафаев − Кәрімовтің кезінен келе жатқан адамдар. Билік әлі қатал, өзін сынағандарды түрмеге жабады. Күш құрылымдары мен шенеуніктердің билікке қарсы әрекеті жалғасып жатыр. Шағын және орта бизнес энергетикалық ресурстарға үздіксіз қол жеткізе алмайды. Экспорт пен импорт шарттары да әлі жеңілдеген жоқ»,— дейді.
«Мен үшін ескі не жаңа мемлекет жоқ. Жаңа әкімшілік, келіп-кететін тұлғалар ғана бар. Тарих оларға байланып, солармен аяқталмайды»,— дейді сарапшы.
Айта кетсек, жексенбі, 9 шілде күні Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Өзбекстандағы президент сайлауының алдын-ала қорытындысы бойынша, қазіргі президент Шавкат Мирзиеев үшінші мәрте, бұл жолы 7 жылға қайта сайланды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ол 87,5 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамхожаев 13 миллион 625 мың 55 адам дауыс берген Шавкат Мирзиеев қайта президент болып сайланғанын жариялады.




















