Парижде өткен ЮНЕСКО Бас Ассамблеясының 42-ші сессиясында келесі 43-сессияны 2025 жылы Самарқандта өткізу туралы шешім қабылданды.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет ЮНЕСКО Бас конференциясының сессиясы Парижден тыс жерде өтпек.
42-ші сессияның төрағасы Симон-Мирела Микулеску шешім қабылдау барысында мұны дипломатиялық жетістік деп атады.
ЮНЕСКО Бас Ассамблеясының сессиясы соңғы рет 1985 жылы Парижден тыс жерде (София, Болгария) өткен еді.
ЮНЕСКО – Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы 1945 жылы 16 қараша күні құрылды.
Ұйымның штаб-пәтері Франция астанасы Париж қаласында орналасқан. Сондықтан да Париж қаласы – әлемнің мәдени астанасы деп аталады.
Ұйымның мақсаты мемлекеттер мен халықтар арасында білім, ғылым, мәдениет салаларындағы өзара ынтымақтастықты нығайту арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, әділет пен заңға бағынушылықты қамтамасыз ету, жалпыға бірдей құқықтар мен адамның негізгі құқықтарын құрметтеуге ықпалдастық жасау болып табылады.
Қазіргі күні ЮНЕСКО ұйымына 2011 жылы қабылданған Палестинаны қосқанда 195 мемлекет мүше.



















